Қарағандыда шайбалы хоккейден 2026 жылғы Қазақстан кубогінің финалдық матчы өтті. Шешуші кездесуде турнир қожайыны «Сарыарқа» мен Өскеменнің «Торпедосы» кездесті.
Жарыстың шешуші ойынына дейін «Сарыарқа» өз алаңындағы В тобында жеңіске жетті. Бір қызығы, бұл топтағы тартыс соңғы ойын күніне дейін сақталды, ал жартылай финалға шығуға бірден төрт команда үміткер болды. Нәтижесінде қарағандылықтар павлодарлық «Ертісті» (4:2), рудныйлық «Горнякты» (6:3), петропавлдық «Құлагерді» (4:3) жеңіп, атыраулық «Бейбарысқа» буллиттер сериясында (3:4) есе жіберді.
Одан кейін Владимир Князевтің шәкірттері жартылай финалда «Ақтөбені» жеңді. Бұл ретте «Сарыарқа» кездесу барысында үш шайба айырмасымен алда болды, алайда матчтың соңы өте тартысты өтті – қарағандылықтар 3:2 есебімен минималды басымдықпен жеңіске жетті.
«Торпедо» А тобында негізгі уақытта төрт жеңіске жетті. Алексей Ждахиннің шәкірттері көкшетаулық «Арланды» (3:2), «Алматыны» (11:0), «Ақтөбені» (3:1) және елдің қазіргі чемпионы «Номадты» (6:2) жеңді. Жартылай финалда өскемендік команда «Горнякқа» ешмүмкіндік қалдырмай, 5:2 есебімен жеңіске жетті. Айта кетейік, дәл осы«Торпедо» бір жыл бұрын турнирдің жеңімпазы атанған болатын.
«Сарыарқа» кездесудің алғашқы минуттарында-ақ есеп ашты. Александр Борисевич Степан Александров айып алаңынан шыққаннан кейін бір секунд өткенде дәл соққысымен көзге түсті. Алайда үзіліске дейін «Торпедо» хоккейшілері есепті теңестіріп қана қоймай, алға да шықты. Степан Рифель мен Эрик Алдабергеновтің голдарының арасы бес минутты құрады.
Екінші кезеңнің басында қонақтардың басымдығын Никита Колобов арттырды. Ол командасы кем құрамда ойнап жатқанда қарсы шабуылға шығып, қарағандылықтардың қақпашысы Данил Кадочниковке еш мүмкіндік қалдырмады. Соңғы кезеңде Диас Гусейнов дубль жасап, Алексей Ждахин шәкірттерінің басымдығын нығайта түсті.
Қарсылас қақпасының алдында тамаша ойнаған Кирилл Пономарёв «сары-қаралардың» ойынына біраз серпін берді. Алайда көп ұзамай Дмитрий Гренц сан басымдығын пайдаланып, жауап шайбасын соқты. Сәл кейінірек Колобов та өзінің екінші шайбасын салды, ал Павел Жирнов қарсыластардың сағын біржола сындырды.
Осылайша, «Торпедо» Қазақстан Кубогінің иегері атағын сенімді түрде қорғап, беделді турнирде екінші жыл қатарынан жеңіске жетті. Сондай-ақ ҚХФ республикалық жарыстарды өткізу департаменті турнирдің үздік ойыншыларының есімдерін атады.
Үздік қақпашы – Сергей Кудрявцев («Торпедо»).
Үздік қорғаушы – Фёдор Хорошев («Торпедо»).
Үздік шабуылшы – Диас Гусейнов («Торпедо»).
БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ