Олимпиадаалды біліктіліктің екінші матчында Қазақстан құрамасы Австрияны жеңді. Қазақстан құрамасының бас бапкері Олег Болякин өткен матчқа қатысты ҚХФ баспасөз қызметіне сұхбат берді.
- Олег Владимирович, жеңіс құтты болсын. Матч күрделі болды ма?
- Барлық жанкүйерлерді жеңіспен құттықтаймын. Біз жігіттерге матч оңай болмайтынын ескерттік. Кеше біз Австрия және Словакияның ойынын көрдік. Олар жылдам, мобильді, төселген команда, жақсы сырғанайды, мықты чемпионаттарда ойнайды. Біз жігіттерімізден әлдеқайда сенімді ойнауды, қарсыластың тарапынан болатын прессингті ескеруді өтіндік. Жалпы алғанда, осы ойынға құрған жоспарымызды жігіттер орындады. Бүгін қос тарап та мықты ойнады. Және біздің команда өзін жақсы көрсетті. Көп соққы тойтарылды, ал Андрей Шутов әдеттегідей мықты болды. Керек кезінде басты, керек кезде сабырға шақырды. Көшбасшылар өздерінің ең жақсы қасиеттерін көрсетті.
- Тамирлан екінші голды салғанда сіз ойын өрнегіне қандай да бір өзгеріс енгіздіңіз бе? Қандай нұсқаулар бердіңіз?
- Жоқ, біз жігіттерге демалуға мүмкіндік бердік, себебі олар өткізбейтін голды өткізіп алды. Ол жерде түсініспеушілік болды: лайнсмен кедергі келтірді де, сол сәт соңына дейін ойналмады, жігіттер ысқырық болады екен деп ойлады. Алайда, дәнеңе жоқ, үш құраммен ойнады. Бастысы – нәтиже.
- Жолдың жартысы жүріп өтілді, ертең ойын жоқ. Ертеңге қандай жоспар бар?
- Жігіттер ертең физикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да демалуы үшін толық күн демалады. Біз ешкімге күш түсірмейміз, олар кәсіпқойлар, өз-өздерін дайындайды. Толыққанды демалсын.
БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ