Бірінен соң бірі алтыншы жыл қатарынан қазақстандық төрешілер үшін ұйымдастырылатын төрешілер жиынының қорытындысы бойынша Құрлықтық хоккей лигасының бас төрешісі Алексей Анисимов пен Ресей хоккей федерациясының төрешілер басқармасының бастығы Михаил Карпушин семинар өткізіп, маусымның даулы әрі қызықты сәттерін талқылап, ережелерге енгізілген жаңашылдықтармен бөлісіп келеді.
PRO Ligasy қазақстандық төрешілерінің оқу-жаттығу жиыны аяқталған соң өткен теориялық сабақтардың қорытындысы шығарылды.
- Алексей Владимирович, сіз жыл сайын Қазақстандағы төрешілердің жиындарына келесіз, биыл біздің арбитрлер қандай жаңалықтармен танысты?
- Біз қазір нақты түзетулер енгізіп жатырмыз, өйткені жылдар бойы жеткізуге тырысқан білім қоры әлдеқашан қалыптасты. Енді ойынды басқарудың қыр-сырын түсіндіріп, көрсету қажет. Екі бірдей сәт болмайды, әрдайым талқылауды қажет ететін жаңа жағдайлар туындайды. Қарапайым сәттер баяғыда-ақ қаралып қойған, ал енді жаңа толқын келіп жатыр, олар жыл сайын Қазақстан хоккей федерациясы басшылығы талап ететін стандартты түсінуі тиіс. Біз ҚХЛ-да да, ЖХЛ-да да, Қазақстан чемпионатында да бірыңғай стандарт қалыптастыруға тырысамыз. Соңғы үрдіс мынадай: өзгерістерді барынша азайтуға тырысамыз, бірақ бүкіл хоккей әлемі шабуылға негізделген ойынға, көбірек шайба соғуға бағыт алып отыр. Біз қақпашыны бөгетуге назар аудардық, өйткені балаларда біз ҚХЛ-да «әскери бөлме» деп атайтын нәрсе жоқ, сондықтан олар ойын үстінде дұрыс шешім қабылдауы тиіс. Сондай-ақ жыл сайын оларға командалық жұмыс туралы айтып келеміз. Мұз үстінде тек екі бас төреші мен екі сызықтық төреші емес, командалық жұмыстың арқасында дұрыс шешім қабылданады. Жергілікті чемпионат бойынша алған пікірлеріме қарағанда, соңғы алты жылда жасалған жұмыс нәтижесін беріп жатыр және, әрине, біз төрешілерді бақылап, ҚХЛ-да Қазақстаннан шыққан төрешілердің қайта болуын қалаймыз.
- Сондай-ақ осы маусымдағы жаңашылдықтардың бірі ретінде Ресей, Қазақстан және Беларусь төрешілерін алмастыру бағдарламасы жоспарланып отыр ма?
- Иә, ЖХЛ-да төрешілерді алмастыру болады. Михаил Карпушин менімен бірге келді, бұл – дұрыс қадам. Осы алмасу аясында біз төрешілерді, соның ішінде Қазақстан чемпионатының арбитрлерін де бақылауды жалғастырамыз. Бізде бейнежазбалар арқылы талдау жасауға үлкен мүмкіндік бар, сондықтан екі-үш төрешіні жіті бақылап жүрміз. Атын атамай-ақ қояйын, бірақ біз оларды қадағалап отырмыз.
- Жастар ма?
- Әртүрлі. Қазір бізде ондай нақты талап жоқ. Әрине, төрешінің жасырақ болғаны, ресурсы мол болғаны, ұзақ уақыт жүйеде жүргені жақсырақ болар еді. Бірақ төреші жоғары деңгейде жұмыс істей алса, онда жасы шешуші емес. Егер ол ҚХЛ-ға 3–4 жыл ғана пайдасын тигізсе де, біз әрқашан қабылдаймыз. Бұған дейін 44–45 жастағы жігіттердің де лигаға қосылған жағдайлары болған.
- Сіз Қазақстан чемпионаты плей-оффының матчтарын көрген боларсыз?
- Қарадық. Құпия емес, біз әріптестерімізбен жиі пікір алмасамыз және әр апта сайын басшылықпен жұмыс барысындағы хат алмасулар жүргіземіз. Қызықты сәттер бар.
- Қазақстандағы төрешіліктің деңгейі қаншалықты өсті?
- Әрине, деңгей өсті. Мәдениет те өзгеріп келеді және ең бастысы біз жеткізгіміз келген нәрсе – барлығы ортақ істі атқарып жатыр, ал адамдар соны түсінген кезде құрмет те артады. Бұл – ең маңызды сәт. Жеке пікірім, БАҚ-та немесе даулы жағдайларда жиі талқыланатындай үлкен төрешілік қателіктер болған жоқ. Әрине, әр ойынды өзім бақыламағандықтан, бағалау этикалық тұрғыдан да, объективті тұрғыдан да дұрыс емес, мұны осындағы мамандар айтуы тиіс. Бірақ мен көргенім мен қазақстандық баспасөзден оқығаным бойынша, аз да болса прогресс бар, жігіттер әрдайым өз шеберліктерін арттыруға тырысып жүр.
БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ