logo
6 февраля 2026
Максим Худяков: «Бір іргетас қалап жатырмыз. Жеңістерге жетудің жолы осы»
Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Eurasia Jastar Cup Kazakhstan 2026 турнирінде жеңіске жетіп, Ресей мен Беларусь командаларын алғаш рет жеңді. Финалдық матчтан кейін турнирді бас бапкер Максим Сергеевич Худяков қорытындылады.

- Қарсылас – өз жас санатындағы элита. Мұнда ең үздік ойыншылар жиналған, сондықтан бір сәтке де босаңсуға болмайды. Әрбір ойын сәтінде барынша мұқият болып, толық жұмыс істеу керек. Біз жігіттерді дұрыс бағытта дайындап, ойынға байланысты кейбір маңызды тұстарды түсіндірдік. Айта кету керек, олар берілген тапсырманы толық орындады, соның арқасында табысқа жеттік.
- Бұл турнир әлем чемпионатына дайындық кезеңдерінің бірі болды. Алдағы жоспарларыңыз қандай? Құрамда және жаттығу процесінде өзгерістер болуы мүмкін бе?
- Бізде бәрі жоспар бойынша жүріп жатыр. Беларусь пен Астанада өткен осы екі турнир дайындықтың күнтізбелік жоспарына алдын ала енгізілген болатын. Біз оларға мақсатты түрде дайындалдық. Әрине, жігіттермен бірге жаттығу процесінде, күнделікті тұрмыста көбірек уақыт өткізіп, тереңірек бірлесіп жұмыс істегіміз келер еді. Бірақ осындай қысқа уақыттың өзінде команда ішінде жақсы атмосфера қалыптастырып, рухани байланыс орната алдық. Ал бұл, бұрын да айтқанымдай, үлкен жеңістерге жету жолында өте маңызды.
- Максим, кеше 3х3 турниріндегі жеңіліс, Ресей қыздар құрамасынан жіберілген төрт шайба команда үшін қамшы болды ма?
- Иә, расында солай. Бізді жеңілістің өзі емес, ойын тәртібін бұзғанымыз көбірек қынжылтты. Біз көргіміз келген ойын сапасы болмады. Мен әрқашан айтамын: мұз айдынына әрбір шығу – жақсырақ болуға берілген мүмкіндік. Бірақ сол сәтте біз дайын болмай шықтық — босаңсып, толық жинала алмадық. Сондықтан нәтиже де заңды болды. Қарсыласқа да лайықты баға беру керек — қыздар өте сауатты әрі сабырлы ойнады. Біздің басымдығымызға қарамастан, олар өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, лайықты түрде жеңіске жетті. Бұл матчқа олар жақсы дайындалған.
- Бүгін команда есепте алға шықты, бірақ қарсылас тез арада таразы басын теңестірді. Тіпті үшінші кезең алдында есеп 3:1 болғанда да жеңіс туралы айту ерте еді. Команда есепті сақтап қана қоймай, басымдықты қалай арттыра алды?
- Жалпы алғанда, бұл Қазақстан құрамасының барлық дерлік аспектілер бойынша тамаша ойыны болды деп айтуға болады. Беларусь пен Ресей құрамалары туралы айтсақ, өздеріңіз білетіндей, олар әрдайым ең мықтылар тобында өнер көрсетеді. Ол жерде элиталық спортшылар жиналған, сондықтан біз де сол деңгейге ұмтылуымыз керек. Біз көптеген компоненттер бойынша әзірге артта қалып жатқанымызды түсінеміз және ешқандай иллюзияға берілмейміз. Сондықтан қазіргі кезеңдегі басты міндетіміз – жігіттердің өз күшіне сенуіне көмектесу. Мұндай мықты құрамаларға қарсы қалай ойнау керегін түсініп, өздерін сенімді сезінуі маңызды. Менің ойымша, дәл осындай турнирлер арқылы команда шыңдалып, күшейе түседі.
- Бұл турнирдегі жеңіс тарихи болды: Қазақстан құрамасы алғаш рет үш құраманың қатысуымен өткен турнирде жеңіске жетті. Бұған дейін Беларусь те, Ресейдің U-16 құрамасы да бізден жеңіліп көрмеген еді. Бұл жеңістің моральдық тұрғыдан маңызы қандай?
- Әрине, бұл өте маңызды жеңіс. Иә, біз өз алаңымызда ойнадық, бірақ соған қарамастан бұған дейін Ресейдің жас құрамаларынан ірі есеппен жеңілген кездер болған. Бүгінгі нәтиже біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетеді. Бұл ең алдымен психологиялық тұрғыдан үлкен алға қадам. Жігіттер мықты қарсыластармен тең дәрежеде бәсекелесіп, жеңіске жете алатынын көрді. БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ