Максим Худяков: «Күшті қарсыластармен ойындар әрдайым шыңдайды»

Қазақстан жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатына дайындықтың бір кезеңі саналатын Eurasia Jastar Cup Kazakhstan турниріне әзірлігін жалғастыруда. Қазіргі уақытта ойыншылар кеңейтілген құрамда жаттығу жүргізіп жатыр, оқу-жаттығу жиындарының соңында екіжақты матч өтеді. Қазақстан жасөспірімдер құрамасының бас бапкері Максим Худяков турнирге дайындық барысы туралы айтып берді.
- Максим Сергеевич, 44 хоккейшіні жинадыңыздар, неге дәл осы ойыншылар қатысады?
- Шынын айтқанда, бұдан да көбірек ойыншы шақырғымыз келді, бірақ екі құрамды, әрқайсысы төрт-бес бестіктен тұратын, жаттығу процесін, режимді және басқа да мәселелерді сауатты ұйымдастыруға мүмкіндік беретін оңтайлы санды таңдадық.
- Бұл оқу-жаттығу жиындарына іріктеу қалай өтті? Беларусьтегі турнирде ойнадыңыздар, одан кейін қорытынды жасадыңыздар ма?
- Біздің кеңейтілген тізімде ұлттық құрамаға үміткер 80-нен астам ойыншы бар, әрқайсысымен байланыстамыз, барлығын бақылап отырамыз. Онлайн форматта да жігіттермен жұмыс өте жүйелі жүргізіледі. Осы жұмыстың нәтижесінде статистиканы тұрақты түрде талдаймыз, видеоларды қараймыз, ойындарды саралап, ойыншыларды іріктейміз. Алғашқы оқу-жаттығу жиыны мен алғашқы турнир өтті, біз қорытынды жасап, жігіттер белгілі бір өзгерістерге бейімделді. Алдағы турнирде бұдан да сәттірек ойнап, сапалы хоккей көрсетеміз деп сенемін.
- Қазіргі жаттығу режимі қандай?
- Бізде үш күндік бір микроцикл бар. Құрам екі топқа бөлініп, күніне екі рет мұзда жаттығу өткізеді. Ертең екіжақты матч ойнаймыз, сол ойынның қорытындысы бойынша турнирге қатысатын құрамды анықтаймыз.
- Турнирдегі қарсыластар туралы не айтасыз? Ресей мен Беларусь сияқты қарсыластармен ойындар сәуір айында өтетін әлем чемпионатына дайындықта не береді?
- Күшті қарсыластармен ойындар әрдайым шыңдайды. Мұндай қарсылас сенің әлсіз тұстарыңды ашып көрсетеді және нені жақсарту керегін түсінуге көмектеседі. Әр жолы өз-өзіңді жеңуге тура келеді, бар мүмкіндігіңді, тіпті одан да артығын көрсету қажет.
БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ