Кирилл Мыльников: «Осы жеңіс үшін әрбір ойыншы барын салды»

Астанада өткен Eurasia Jastar Cup Kazakhstan турнирінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасының қақпашысы Кирилл Мыльников екі жеңісті матч өткізіп, небәрі 1 шайба жіберіп алды және 53 соққыны қайтарды. Қақпашы турнирдің ең құнды ойыншысы атанды. Бұл жарыста біздің жасөспірімдер Ресей мен Беларусь командаларын жеңіп, чемпион атанды. ҚФХ баспасөз қызметіне берген сұхбатында хоккейші турнирден алған әсерімен бөлісті.
- Кирилл, сен екі жеңісті матч өткіздің. Бұған дейін бұл командамен кездесіп, өз алаңымызда ойнағанымызды ескерсек, бұл рөл қаншалықты маңызды болды? Осы ойындарға қалай дайындалдың және нәтижені қалай бағалайсың?
- Елтаңбасы бар жейдені киген сәтте-ақ ерекше эмоция пайда болып, бар күшіңмен күрескің келеді. Осы матчтар туралы бір нәрсе айта аламын: барлық жігіттер соңына дейін шайқасты, шайбаларды кеуделерімен, команда үшін жанын салды. Әрқайсысы осы жеңіс үшін барын берді. Сондықтан, жанкүйерлер, қуанып, тоййлаңыздар. Бұл жеңіс – сіздер үшін!
- Ресейдің U16 құрамасына қарсы шешуші матч өте тартысты өтті, іс жүзінде турнир тағдырын шешкен ойын болды. Оған қоса трибуналар сіздерді өте қатты қолдады. Осындай жағдайда финалдық сиренаға дейін жинақылықты сақтау қаншалықты маңызды болды?
- Біз мұндай матчтарды ойнауға үйренгенбіз. Командамыз тәжірибелі, жігіттер қысыммен ойнауды біледі. Ал трибунадағы жанкүйерлер — бұл біз үшін қосымша қолдау. Бүкіл ел бізге қарап отырғандай әсер болды. Бірақ бұл бізді толқытқан жоқ, керісінше күш-қуат беріп, ойыннан ләззат алуға көмектесті.
- Ресей мен Беларусь жасөспірімдер құрамаларына қарсы турнирде екі маңызды матч өткіздің. Жалпы, Қазақстан құрамасы бұған дейін Ресей мен Беларусь қатысқан турнирлерде жеңіске жетпегенін ескерсек, үйде осындай турнирді ұту қандай сезім сыйлады?
- Шынымды айтсам, біз бұрын-соңды жеңіске жетпегенімізді білмеппін. Қазір сіз айтқанда сәл таңғалдым. Бірақ алғашқы болып осы жетістікке жету өте қуанышты. Бұдан артық сөз табу қиын.
- Сен турнирдің ең құнды ойыншысы деп танылдың. Бұл марапат сен үшін қаншалықты маңызды және қандай эмоция сезініп тұрсың?
- Біздің мақсат біреу ғана болды – кубокті жеңіп алу. Ал MVP болдым ба, болмадым ба – ол екінші мәселе. Командадан бір ғана адамды бөліп айту мүмкін емес. Барлығы барын салды, жаттықтырушылар штабы үлкен жұмыс атқарды, әр ойыншы осы кубок үшін соңына дейін күресті.
- Жүлде күтпеген жағдай болды ма?
- Шынымды айтсам, иә. Мен әрдайым жеңіске жетуге дайындаламын, бірақ турнирде жеңіске жетіп, оған қоса осы жүлдені алғаным – күтпеген жағдай болды. Дегенмен ең бастысы — біз кубокті жеңіп алдық.
БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ