logo
22 сентября 2025
JAS NOMAD. Астанада қақпашылар жаттықтырушыларының біліктілігін арттыру курстары өтті

17 және 22 қыркүйек аралығында Астанада JAS NOMAD республикалық хоккейшілерді даярлау бағдарламасы аясында 7-11 жас аралығындағы балалармен жұмыс жасайтын бастапқы дайындық қақпашылары жаттықтырушыларының біліктілігін арттыру курстары өтті. Жаңа тәжірибе жинақтау үшін елордада Қазақстанның барлық дерлік өңірінен 22 жаттықтырушы жиналды. Бұған дейін мамандар JAS NOMAD бағдарламасы бойынша онлайн-оқытудан өткен болатын. Оффлайн сабақтар кезінде жаттықтырушылар семинарларға қатысты, мұз бетінде және залда практикалық білім алды, сонымен қатар балалармен жаттығу өткізу арқылы алған ақпаратты қолдана алды. Практикалық жаттығуларға Астана қаласының «Барыс», №10 БЖМСМ, «Nomad» сияқты хоккей мектептерінен 50-ден астам жас қақпашы қатысты. Мұнан басқа, кәсіби хоккей жаттықтырушыларына APEMS – Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының студенттері қосылды.

«Қазақстандағы мектептердің барлығы дерлік қатысып жатыр, – деді ҚХФ балалар бөлімінің маманы Сергей Козлов. – Сондай-ақ ауылдық командалардың үш жаттықтырушысы ниет білдіріп, келгенін атап өткім келеді. Хоккейде бұл мамандыққа сұраныс жоғары болғанына біз тек қуанамыз, қақпашыларды қалай дайындау керегін білу маңызды. Бұл іс-шара Халықаралық хоккей федерациясымен бірлесе өткізіліп жатыр. Біз 11 модульден тұратын JAS NOMAD бағдарламасын әзірледік, оған қоса қақпашылармен жұмыс істеуге арналған екі модуль енгізілді. Бапкерлер үшін бұл кездесіп, пікір алмасып, тәжірибе және жаңа әдістемелермен бөлісудің бір мүмкіндігі».

Спикер ретінде Ресей, Беларусь және Финляндия мамандары сөз сөйледі, олардың арасында «Спартаковец» (Екатеринбург), «Авангард» (Омск) академияларының, Свердлов облысы хоккей федерациясының, сонымен қатар Беларусь хоккей федерациясының өкілдері бар.

«Атмосфера тамаша, – деп әсерімен бөлісті Беларусь хоккей федерациясының өкілі Дмитрий Томаш. – Мұндай кэмптерді өткізу – өте керемет идея, бәрі жайдары көңілмен тәжірибесімен бөлісіп, жаңа нәрселерді үйреніп, білетінін айтып жатыр. Атқаратын жұмыс әлі көп, бірақ алғашқы қадам жасалды. Ең бастысы, 7–11 жас аралығында спортқа деген қызығушылықты сақтап қалу, өйткені дәл осы кезеңде маңызды база қаланады – ол сырғанау, негізгі тұрыс, сырғанау элементтері, қақпашыларға тән ерекшеліктер. Балалардың да, бапкерлердің де деңгейі әртүрлі, сол себепті тәжірибе бөлісуге жиналдық», – деді беларусьтық маман.

JAS NOMAD республикалық хоккейшілерді даярлау бағдарламасы осымен үшінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Бұған дейін бастапқы дайындық кезеңінің жаттықтырушыларына арналған семинарлар мен жаттығу кэмптері, бағдарламаның Қазақстан қалаларындағы таныстырылымдары өтті.

JAS NOMAD – ұйымдастырушылық, жаттығу, бәсекелестік қызметтің барлық аспектілерін, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің физикалық, психикалық, эмоционалдық және танымдық қасиеттерін кезең-кезеңімен дамыту қағидаттарын қамтитын хоккейшілерді даярлау жүйесін дамыту және жетілдіру бағдарламасы. Бағдарламада қазіргі заманғы жетекші хоккей державалары мен ИИХФ-ның кәсіби ойыншыларын даярлаудағы тәжірибе мен тәсілдер жинақталып, заманауи жағдайларға және жергілікті менталитетке бейімделген.

ҚХФ бас серіктесі – «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ
ҚХФ серіктесі – Sport Qory спортты қолдау қоры

БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ