logo
3 февраля 2026
Максим Худяков: «Жігіттер өздеріне, өз күшіне сенді»
Eurasia Jastar Cup турниріндегі алғашқы матчта Қазақстанның 18 жасқа дейінгі құрамасы Беларусьтің U17 командасын жеңді. Өткен ойынға қазақстандық жасөспірімдер құрамасының бас бапкері Максим Худяков пікір білдірді: – Басты мақсат – шайбаны бақылау, жекпе-жектерде жеңіске жету және дәл пас беру арқылы ойын бастамасын өз қолымызға алу еді. Жігіттер қобалжуды еңсере алды – ең маңыздысы да осы: олар өз күмәнін, сенімсіздігін, қорқынышын жеңіп, өз ойынын тапты. Жалпы алғанда, ойынға берілген тапсырманы шамамен орындадық. – Алғашқы кезеңді аз құраммен бастадық, әрі беларусьтік ойыншылар біздің аймақта жиі қысым жасап, көп «жауып» отырды. Бірақ бірінші жартысынан кейін ойын барысы өзгерді. Жігіттер өздеріне деген сенімділікті сезіне бастады ма? – Ең бастысы – өзіңе сену. Олар өздеріне, өз күшіне сенді. Бұл жігіттердің мүмкіндігі зор, ал біздің міндет – сол әлеуетті дұрыс арнаға бағыттау, көмектесу және қолдау көрсету, мұз айдынында қандай да бір жағдайда не істеу керектігін нақты білуіне жәрдемдесу. – Біз Қазақстан құрамасы ойынының шабуылға құрылғанын көрдік, жалпы алғанда үшінші кезеңде де, менің ойымша, ештеңе өзгерген жоқ — есепті ұстап тұруға тырысқан жоқсыздар. Мұндай тактиканы таңдауыңыздың себебі неде? – Біз жігіттерді жігерлендіріп, дұрыс бағыттауға тырысамыз — олардың әрі қорғаныста, әрі шабуылда ойнай алатын дағдылары болуы маңызды. Өз хоккейімізді қарсыласқа таңуға ұмтыламыз. Мұз айдынындағы дұрыс әрекеттердің барлығы біріге келе осындай әсер береді: ойыннан хоккейшілер де, көрермен де ләззат алады. – Бұл құрам қараша айында Беларусьтегі турнирде көргенімізден өзгеше ме, жаңа ойыншылар көп пе? – Біздің мақсат — 2008–2009 жылдары туған, сондай-ақ 2010 жылғы, шамамен 18 жасқа дейінгі барлық ойыншыларды қамту болды. Барлығы әділ бәсекеде өтті, өйткені әркім оқу-жаттығу жиынына әртүрлі физикалық әрі эмоциялық жағдайда келеді. Біз кәсіби көзқараспен қарап, таңдаймыз, бағалаймыз, үйлесімдерді қараймыз: кім тапсырмаларды қалай орындайды, ойын сәттеріне және біздің нұсқауларымызға қалай қарайды — соның бәрін ескеріп, шешім қабылдаймыз. Ал жігіттердің міндеті – алаңға шығып, ел намысы үшін күресу. Ертеңге жоспар бар. Біз біртіндеп алға жылжимыз. Әр жаңа қарсылас талдау мен дайындықты талап етеді. Ең бастысы – сенімді түрде, шайбаны бақылап, өзара байланыспен және жеңіске ұмтыла отырып, өз хоккейімізді ойнау. БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ