logo
3 февраля 2026
Данил Челюк: «Басынан соңына дейін ойнау керек»
Eurasia Jastar Cup турнирінде Беларуське қарсы өткен матчта дубль жасаған Қазақстан жасөспірімдер құрамасының шабуылшысы Данил Челюк өткен ойын туралы журналистерге пікір білдірді.

– Данил, бірінші кезеңде, әсіресе оның басында ойнау қиын болғаны байқалды. Беларусь құрамасы аймақты өте тығыз жапты. Бұл матчтағы шешуші сәт болды ма?
– Иә, әрине. Бастапқыда қобалжу қатты сезілді. Кейбір жігіттер үшін бұл – өміріндегі алғашқы турнир. Ойыншылардың көбі 2010 жылы туған. Оның үстіне, алғашқы матч, өз алаңымызда өтуде, трибуналар да лық толы болды. Қысым айтарлықтай еді, толқу байқалды, бұл, әрине, команданың моральдық жағдайына әсер етті. Бірақ біз соның бәрін еңсере алдық, және менің ойымша, дәл осы жайт жеңіске жетудегі негізгі факторлардың бірі болды.

– Есепте алда бола тұра команда белсенді түрде шабуылын жалғастырып, «есепті ұстап тұруға» көшкен жоқ. Бұл бапкерлер штабының нұсқауы ма?
– Иә. Мен үзіліс кезінде-ақ «есепке қарап ойнау» деген ұғым бізде жоқ екенін айттым. Есеп 3:0 болсын, 5:0 болсын – айырмашылығы жоқ. Бірінші минуттан соңғы минутқа дейін өз ойынымызды қарсыласқа таңуымыз керек. Таблодағы сандарға қарамастан, біз әрдайым өз хоккейімізді ойнауымыз қажет.

– Жеке өзің туралы айтсақ: екі гол. Ойындағы өз сәттеріңе қандай баға бересің?
– Бірінші эпизодта серіктесім алыс штангаға керемет пас берді, маған тек таяқшаны қойып, шайбаны қақпаға бағыттау ғана қалды. Екінші сәтте серіктесім қақпа алдына жақсы шығып, шайбаны лақтырып жіберді, ал мен оны жетер жеріне жеткіздім. Негізі, екі жағдайда да – бүкіл бестіктың еңбегі, нағыз командалық голдар.

– Егер бұл матчты Минскідегі ойынмен салыстырсақ, негізгі айырмашылық неде?
– Мен Минскідегі матчты жаман болды деп айтпас едім. Ол ойында да біз жеткілікті деңгейде жақсы ойнадық, тек ұсақ қателіктердің салдарынан овертаймда ұтылып қалдық. Ал бүгін, менің ойымша, бастысы – ойынды салқынқандылықпен бастағанымыз. Шамамен екі жарым кезең бойы ойынды бақылауда ұстап, өз мүмкіндіктерімізді іске асырдық, қарсыласқа гол соғуға мүмкіндік бермедік, қақпашының «нөлге» ойнауына жағдай жасап, матчты сабырмен жеңіске жеткіздік.

– Ұлттық құрамада сіздер әртүрлі клубтардан жиналасыздар, басқа бапкерлер штабымен жұмыс істейсіздер. Қайта бейімделу қаншалықты ыңғайлы? Команда ішіндегі атмосфера қандай?
– Атмосфера керемет. Жігіттердің көбін жақсы танимыз, көпшілігімен бұрын да кездескенбіз, тек алаңның әртүрлі жағында ойнадық. Мұнда барлығы бір-бірін қолдайды, нағыз команда екені сезіледі. Жұмыс жағынан да жаңалық жоқ: клубтарда да бапкерлер сапалы жұмыс істеп жүр. Сондықтан бейімделу оңай өтті. Маған бәрі ұнайды. БАСТЫ БЕТКЕ ОРАЛУ